ҚАЗТЕСТ жүйесі туралы жалпы ақпарат

ҚАЗТЕСТ жүйесі – Қазақстан Республикасындағы азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі.

ҚАЗТЕСТ жүйесі халықаралық тілдік білімді бағалаудың (ТОЙЕФИЛ, АЙЛТЕС, ДАЛФ/ДЕЛФ,  ДИЕСЕЙДЖ, ТОМЕР, ТРИКИ) және т.б. жүйелерінің қағидаттарына негізделген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 қыркүйектегі №835 қаулысымен «ҚАЗТЕСТ жүйесін  енгізу мен дамыту тұжырымдамасы» мақұлданды. Тұжырымдамада ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамыту бағыттары анықталды. Тұжырымдамада негізінде Мемлекеттік тілді дамыту басқармасы Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ұлттық тестілеу орталығы» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынында арнайы құрылымдық бөлімше ретінде жұмысын бастады.

ҚАЗТЕСТ жүйесі төрт бөліктен тұрады:

Тыңдалым. Шағын және ұзақ диалог, қысқа монологтарды есту арқылы түсінгенін анықтауға арналған 30 тест тапсырмасы ұсынылады.

Лексика-грамматикалық бөлік. Грамматиканы, лексиканы пайдалана білетіндігін анықтауға арналған 70 тест тапсырмасы беріледі.

Оқылым. Әртүрлі мазмұнды, түрлі стильдегі мәтіндерді оқу барысында түсінгенін тексеруге арналған 50 тест тапсырмасына жауап беру керек.

Жазылым. Тіл меңгеру деңгейлеріне байланысты диктант, мазмұндама және ұсынылған тақырып бойынша эссе жазу ұсынылады.

Тестілеу үдерісі арнайы жауап парағына дұрыс жауапты белгілеу арқылы өткізіледі. Тест нәтижесі ақпараттық технология мүмкіндіктерін пайдаланып, арнайы сканерлеу құрылғысы арқылы анықталады.

ҚАЗТЕСТ жүйесінің деңгейлері

ҚАЗТЕСТ жүйесінде тілдік білімді бағалаудың деңгейлік жүйесі негізге алынады.  Жүйе бойынша қазақ тілін қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары, жоғары  деңгейлерде меңгеру көлемін анықтауға мүмкіндік бар.  Аталған деңгейлер еуропалық тілдік референттілік деңгейлеріне сәйкестендірілген. Атап айтқанда,

А1 деңгей – Қарапайым деңгей

А2 деңгей – Базалық деңгей

В1 деңгей – Орта деңгей

В2 деңгей – Ортадан жоғары деңгей

С1 деңгей – Жоғары деңгей

ҚАЗТЕСТ жүйесі негізінде Тыңдалым, Оқылым және Лексика-грамматикалық бөліктері бойынша 150 тест тапсырмасына жауап беру ұсынылады. Тест тапсырмалары жабық түрдегі тест тапсырмаларынан тұрады, яғни ұсынылған 4 жауап нұсқасынан бір ғана дұрыс жауабын табу түрінде берілген. Жалпы тестілеуге 150 минут (2 сағат, 30 минут) беріледі.

Тестілеу уақытын тиімді пайдалану үшін әр бөлік бойынша тест тапсырмаларын орындауға төмендегідей уақыт ұсынылады:

  • Тыңдалым: 30 тест тапсырмасына — 25 минут;
  • Лексика-грамматикалық бөлік: 70 тест тапсырмасына 65 минут;
  • Оқылым: 50 тапсырманы орындауға — 60 минут.

Жазылым бөлігі бойынша қазақ тілін меңгеру деңгейіне байланысты тапсырмалар да әртүрлі талаппен ұсынылады.

Қарапайым және базалық деңгейлер үшін диктант жазу ұсынылады. Диктант мәтіні арнайы аудиоқұрылғыдан бірінші рет дыбысталғанда мұқият тыңдап, екінші рет дыбысталғанда диктант мәтінін қазақ тілінің грамматикасына, орфографиясына сай жазып, үшінші рет дыбысталғанда тексеру қажет. Диктант мәтінінің мазмұнына сәйкес екі-үш тапсырманы орындау керек. Жазба жұмысын орындау уақыты – 30-35 минут.

Орта және ортадан жоғары деңгейлерде арнайы аудиоматериалдарды тыңдағаннан кейін, дыбысталған ақпарат бойынша түсінгенін мазмұндап жазу керек (мазмұндама). Деңгейге байланыста мәтін көлемі мен сөздік қоры да ұлғайып отырады. Жазба жұмысын орындау уақыты – 35-45 минут.

Жоғары деңгейде берілген тірек сөздер мен сөйлемдер негізінде эссе жазу ұсынылады. Эссе жазуға қосымша барлық қажетті мағлұматтар беріледі. Мұндай тапырмалар арқылы тіл үйренушінің қазақ тілі бойынша сөздік қорының жеткілікті көлемде қалыптасқандығын, сөздер мен сөз тіркестерін грамматикалық ережелер бойынша байланыстыра білуі бағаланады. Жазба жұмысын орындау уақыты – 50 минут.

Тіл үйренуші үшін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу 2 кезеңнен тұрады:

Бірінші кезең – диагностикалық тестілеу. Халықаралық тіл білімін бағалау үдерістеріне сәйкес тілді жалпы меңгеру бойынша қазақ тілін меңгеру деңгейлеріне сәйкестігін анықтау үшін Тыңдалым, Оқылым және Лексика-грамматикалық бөлік бойынша 150 жабық түрдегі тест тапсырмалары ұсынылады. Тіл үйренушіге балл көрсеткішіне сай сол деңгейдің емтиханын тапсырып көру ұсынылады.

Мысалы, тіл үйренуші 150 тапсырманың 55 тест тапсырмасына дұрыс жауап берген болса, онда ол қазақ тілін қарапайым деңгейге жақын деңгейде меңгерген болуы мүмкін деген пікірмен оған қарапайым деңгейдің емтиханын тапсыру ұсынылады. Тіл үйренуші өзіне ыңғайлы уақытта ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша емтихан тапсырудың технологиясына сәйкес қарапайым деңгейге арналған тест тапсырады.

Екінші кезең – сертификациялық тестілеу. Тіл үйренуші алдыңғы кезеңнің нәтижесіне сәйкес Тыңдалым, Оқылым, Жазылым және Лексика-грамматикалық бөліктер бойынша емтихан тапсырады. 150 тест тапсырмасы ұсынылады, Жазылым бойынша деңгейге сәйкес диктант, мазмұндама немесе эссе жазу ұсынылады. Егер тест тапсырушы әрбір бөлік бойынша ұсынылған тапсырмалардың 60 пайызынан кем емес оң нәтиже көрсететін болса, сол деңгейде қазақ тілін меңгерген деген тұжырым шығарылып, деңгейге сәйкес сертификаты беріледі. Жазылым бөлігі бойынша тапсырмаларды тексеруге арнайы сарапшылар тартылады.

Ақпараттық ресурс – ҚАЗТЕСТ сайты жүйенің әлемдік желідегі негізгі хабаршысы, оның виртуалды әлемдегі өкілі ретінде қызметін атқарып келеді. ҚАЗТЕСТ сайтында пайдаланушылардың сұранысына сәйкес қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ақпараттар беріледі.

Сайт заман ағымына сәйкес әрдайым жетілдіріліп отырады. ҚАЗТЕСТ сайты пайдаланушыларға ыңғайлылық тұрғысынан онлайн тестілеу үрдісін де жүргізіп отыр. Онлайн байқау тестілеуі тіл үйренушілер үшін ғаламтордағы ыңғайлы қолданыс болып табылады.

ҚАЗТЕСТ сайты арқылы жүйенің дамуы және оның тілдік саясаттағы орны туралы көптеген мағлұмат алуға болады.

Пайдаланушылармен кері байланыс жүйенің әрі қарай дамуына септігін тигізеді. Әрбір сайтқа келушінің жүйе бойынша ойы, оны жетілдірудегі ұсынысы, тапсырмалар туралы пікірі, жалпы қазақ тілін қай деңгейде меңгергендігі туралы мәліметтер ҚАЗТЕСТ жүйесінің дамуы мен жетілуіне көмек көрсетеді.

(мәлімет www.kazakhtest.kz сайтынан алынған)

 

Дүй Сей Сәр Бей Жұм Сен Жек
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
2627282930